11 там, 2022 сағат 09:54

Ресейде журналист Марина Овсянникова қамауға алынды


Ресей Бірінші арнасының бұрынғы қызметкері Марина Овсянникова ресейлік армияның "беделін түсіргені" үшін қамауға алынды. Бұл туралы оның адвокаты Дмитрий Захватов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазір біз тергеушілермен жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу басталды", - деді адвокат. Бұған дейін ол журналиске іздеу жарияланғанын хабарлаған болатын.

Оның айтуынша, кәмелетке толмаған екі баласы бар Овсянникованың қамауға алынуын немесе сот басталғанша бостандықта жүруін тергеушілер шешіп жатыр. Бұлтартпау шарасы бойынша сот отырысы 11 тамызда Мәскеудің Басман сотында өтеді.

"Оған Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3-бабының 2-бөлігінің "е" тармағы бойынша айып тағылды, онда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Істің қозғалуына Софийская жағалауындағы пикет себеп болды", - деді адвокат РИА Новостиге.

15 шілдеде Овсянникова Мәскеудегі Софийская жағалауына: "Путин - қанішер. Оның сарбаздары - фашист. 352 бала өлді. Сіз тоқтағанша тағы қанша бала өлуі керек?", - деген жазумен шыққан болатын. Бірақ ол кезде полицейлер Овсянникованы ұстамаған.