Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясының резидент-заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Ақпан айының соңынан бері банк шоттары Ресейдің 7 компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жеткен.
"Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық Банк пен Агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген.
Осылайша, Ұлттық Банктің 2016 жылғы 31 тамыздағы №207 қағидаларының талаптарына сәйкес шотты ашу офлайн режимде де, электрондық өтініш арқылы онлайн да жүргізілуі мүмкін.
Банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті", дейді агенттік өкілдері.
Тиісті тексеру шеңберінде банктер:
- шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін идентификаттауды, оның ішінде алынған идентификаттау деректерінің дұрыстығын тексеруді;
- іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеуді жүргізеді.
Бұдан басқа, агенттіктің 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қағидаларында белгіленген тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптарға сәйкес комплаенс тәуекелді басқару мақсатында банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті.
"Күшейтілген мониторинг шеңберінде күдікті мәмілелерді анықтау және тәуекелі жоғары транзакцияларға жол бермеу үшін банктер клиенттің ақшасының шығу көздерін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін қосымша талдайды", - делінген хабарламада.