Семей қаласында 17 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алып келген ресейлік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары қос азаматтығы бар әйелді Семейде ұшақ билетін сатып алған кезде анықтаған.
«Белгілі болғандай, ол Қазақстан азаматы бола тұра 2001 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты тапсырмай, зейнет жасына жеткен соң 17 жыл бойы қазақстандық зейнетақыны алып келген», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта 76 жастағы әйел адам ҚР азаматтығынан айырылып, тиісті құжаттар тәркіленді.
Оған ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабына сәйкес 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Осы ретте, көші-қон қызметі өңір жұртшылығына басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуды уақтылы тіркеу қажет екендігін ескертеді.