05 мау, 2022 сағат 17:04

Ресей әскерилері Киевке әуеден соққы жасады


Жексенбі, 5 маусым күні таңертең Ресей әскері Украина астанасы Киевке зымыранмен соққы жасады, деп хабарлайды Азаттық.

Жарылыс қаланың Дарницк және Днепровск аудандарында болған. Бұл жөнінде қала мэрі Виталий Кличко телеграм арнасында мәлімдеді.

Аталған аудандар Днепрдің сол жағалауында орналасқан. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, қаза болғандар жоқ, бір адам ауруханаға түскен.

Украина президенті кеңсесінің өкілі Сергей Лещенко негізінен темір жол инфрақұрылымына соққы жасалғанын айтты. Алайда нақты қай нысанға шабуыл жасалғаны белгісіз.

Украинаның "Энергоатом" кәсіпорнының мәліметіне сәйкес, Киевке жіберілген қанатты зымырандардың бірі "өте төмен" ұшып, Николаев облысындағы атом электр станциясына тие жаздаған.

Ресей қорғаныс министрлігі әзірге зымыран соққыларына қатысты ақпарат таратпады. Соңғы рет Киевке зымырандар сәуір айында ұшырылған еді.

Сондай-ақ, Донецк облысы Краматорск қаласының мэрі жексенбіге қараған түні қаладағы екі өнеркәсіп нысанына әуеден соққы жасалғанын айтты. Ал облыс әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко 4 маусымда зымыран атқылауының салдарынан аймақта алты адам қаза болғанын хабарлады.

Бұған қоса Днепропетровск облысының Криворожск ауданы артиллерия соққысына ұшыраған.

Ресейдің кремльшіл ақпарат құралдарының тілшілері және "Донецк халық республикасындағы" сепаратистер сенбі күні Донецк орталығының атқылауға ұшырағанын хабарлады. Тұрғын үйлер бүлінген, жараланғандар бар.

Қазір Украинада кескілескен шайқас Донецк және Луганск облыстарында, оның ішінде Северодонецк, Бахмут және Славянск қалаларында жүріп жатыр. Украинада Ресей басқыншылығының жалғасып жатқанына 5 маусымда 102 күн болды.