«Рефлекс-2021» операциясы барысында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 303 есірткі қылмысы анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«4 қазан мен 30 қараша аралығында ішкі істер органдары жаңа психобелсенді заттардың таралуына қарсы әрекет етуге бағытталған «Рефлекс-2021« арнайы өңірлік операция өткізді. Республика бойынша арнайы іс-шара кезінде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 303 есірткі қылмысы анықталды»,- деді Нұрділдә Ораз ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Ресми өкілдің дерегінше, оның ішінде 83 өткізу фактісі, аса ірі көлемде сақтаудың 32 фактісі, есірткіні насихаттаудың 25 фактісі, притонды ұйымдастырудың 3 фактісі және контрабанданың 1 фактісі анықталды.
«Алматы және Атырау облыстарында екі есірткі зертханасы жойылды, онда 3,5 келіден астам пайдалануға дайын есірткі тәркіленді. Арнайы операция кезінде заңсыз айналымнан барлығы 14,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді», - деді ол.