05 мау, 2022 сағат 21:55

Референдумда 8 миллионға жуық қазақстандық дауыс берді


Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша республикалық референдумда 8 миллионға жуық қазақстандық дауыс берді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

20.00-дегі алдын ала деректер бойынша, бюллетеньді 7 миллион 936 мың 655 қазақстандық алған, ал референдумға дауыс берушілердің қатысу көрсеткіші 67,65 пайыз болған.

Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де 12 өңірде дауыс беру аяқталды.

Айта кетейік, бұған дейін сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелде дауыс берушілер тізіміне 11 350 қазақстандық енгізілгенін айтқан болатын. Нұр-Сұлтан уақытымен 19.00-дегі жағдай бойынша, шетелде 5 100-ге жуық адам дауыс берген еді.

Ал Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18.00-дегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы референдумға дауыс берушілердің қатысу көрсеткіші 65,04 пайыз болған еді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов мәлімдеген болатын.