5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Ал 4 маусымда сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт жүргізу аяқталады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратура баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл үгітке, соның ішінде қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін немесе референдум нәтижелері болжамдарын жариялаумен ұштасқанға референдум өткізілетін күннің алдындағы күні және ол өткізілетін күні, яғни 4 және 5 маусымда тыйым салынады (Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағы)", - делінген хабарламада.
Осы күндері үгіт жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша жауапқа тартылатыны айтылған.
"Екі немесе одан да көп рет не басқа біреу үшін дауыс беру немесе учаскелік референдум комиссиясы мүшесінің азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында дауыс беруге арналған бюллетеньдерді беру ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғатынына да назар аударамыз.
Конституцияға (83-бап) сәйкес прокуратура органдары референдумға дайындық пен оны өткізудің барлық сатыларында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.