15 жел, 2020 сағат 18:05

Реаниматолог науқас қандай жағдайда тыныс алу аппаратына қосылатынын айтты

Реаниматолог-анестезиолог Тілеуберді Қуандықов науқастар жасанды тыныс алу аппаратына қай жағдайда қосылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жансақтау бөліміне түскен адамдардың барлығы бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылмайды. 

«Жасанды желдету аппаратына қосу мәжбүрліктен туады. Адам өз бетімен дем ала алмаған кезде. Жалпы жасанды тыныс алумен КВИ инфекциялық пневомниядан басқа бірнеше аурулар бар. Өкпе аурулары, респираторлық дистресс синдром болған жағдайда 100 пайыз аппаратпен демалады. Ал есін білмейтін науқастар және бар. Ботулизм, полиомелит деген диагнозға шалдыққандар ұзақ уақыт жата беруі мүмкін. Уақыты да әртүрлі болады. КВИ пневмониясының да өз ауырлық сатысы бар. Неғұрлым ауыр болса соғұрлым ұзағырақ жатады. Жеңіл болса, қысқарақ жатады. Науқас 5 күннің ішінде аппараттан алынуы мүмкін. Кейде 1 ай немесе одан көп жататындар бар», - деді Тілеуберді Қуандықов Алматыда өткен онлайн брифинг барысында. 

Реаниматологтар науқасты жан-жақты қолдау үшін тағы басқа түрлі реанимациялық шараларды қабылдайды.

«ӨЖЖ аппаратында жатқан адамға массаж, гимнастика жасалады. Оны вертикалды қалыпта жатқызған немесе етпетінен жатқызған тиімді. Ауыр науқастың барлығы аппаратта жатпайды. Кейде адам өзі демалуы мүмкін. Бірақ оған оттегі жетіспеушілігі бәрібір болады. Оған оттегін қосамыз. Бұл терапия оксигенация деп аталады. Одан бөлек науқасқа қажеттілігіне қарай вирусқа қарсы, бактерияға қарсы, гормоналды, антикоагулянтты терапия жасалуы мүмкін», - деді маман.