08 сәу, 2021 сағат 14:43

Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады

2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін! Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей!», - деді Бас мүфти. 

Оның атап өтуінше, Алла қаласа, 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.

«Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәжиесіне сүйене отырып, осындай шешім қабылдадық. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн - қасиетті Қадір түні. 13 мамыр - Ораза айттың бірінші күні. Алла қаласа, биыл 30 күн ораза ұстаймыз. Осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақа мөлшері барлық облыстағы 2 келі ұнның ең төменгі бағасымен өлшенді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.