14 сәу, 2021 сағат 16:36

QazVac неліктен Түркияда құтыға құйылады – ДСМ түсіндірмесі

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Қазақстандық QazVac вацинасын құтыға құю процесі неліктен Түркияда жүргізілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Іс жүзінде Қазақстан биологиялық өнімдермен жұмыс істеуге қабілетті барлық өндірістік алаңға бағалау жүргізді. Мұны бұған дейінгі брифингілерде де атап өткен едік. Қарағанды фармацевтика зауытында вакцина өндірісіне қатысты мәселе бойынша шешім аталған вакцинаның аденовирустық платформада жасалатындығына байланысты қабылданды. Оның патогендік деңгейіне қатысты талаптар аса жоғары емес», - деді ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында. 

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, отандық ғалымдар әзірлеген вакцинаның инактивтелген технологиясына сәйкес, оны өнеркәсіптік ауқымда шығару кезінде өндірістік алаң үшін патогендіктің екінші санатының болуы талап етіледі. 

«Осыған байланысты Жамбыл облысында зауыт салу туралы шешім қабылданды. Аталған вакцинаны құтыға құюы мүмкін түрік өндірушісіне қатысты айтар болсақ, бұл әлемдік тәжірибе. Бүгінде ірі өндірушілердің барлығы жобаларын масштабтау үшін өзге де алаңдарды пайдалану және оқшаулау мүмкіндіктерін іздейді. Демек, біздің вакцинаның да барлық талапқа сай келетін алаңда құйылуға құқығы және мүмкіншілігі бар», - деді Марат Шоранов.