Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдері мен АҚШ-қа көгілдір отынды ресей рублімен сату туралы шешімін мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет мүшелерімен кездесуде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Тауарларымызды Еуропалық одаққа, АҚШ-қа жеткізіп, төлемді доллармен, еуромен және бірқатар басқа валютамен алудың мағынасы жоқ екені түсінікті. Сондықтан мен қысқа мерзімде төлемді аудару бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды ұйғардым. Көгілдір отын достастық жоқ елдерге Ресей рублімен жеткізіледі. Яғни, мұндай есептеулерде барлық валюталарды пайдаланудан бас тарту қажет", - деді Путин.
Ол Ресей табиғи газды бұрын жасалған келісімшартта бекітілген көлем мен баға белгілеу қағидаттарына сәйкес жеткізетінін атап өтті.
"Кейбір әріптестерден айырмашылығы, біз сенімді серіктес және жеткізуші ретіндегі беделімізді бағалаймыз. Өзгерістер тек ресейлік рубльге ауыстырылған төлем валютасына ғана әсер етеді", - деді Ресей президенті.
Осындай мәлімдемені "Роскосмос" бас директоры Дмитрий Рогозин де жасады.
"Енді барлық сыртқы келісімшарттарды рубльмен жасаймыз", - деді ол "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында, деп хабарлайды РИА Новости.
Еске салайық, 10 наурызда АҚШ Конгресі өкілдер палатасы Ресейден энергетикалық ресурстарды, оның ішінде мұнай мен газды импорттауға тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.