Саран қаласының бұрынғы әкімі Анатолий Шкарупа сот залында. Қарағанды, 8 қаңтар 2020 жыл.
"Бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаға мемлекеттік айыптаушы 10 жыл түрме жазасын сұрады. Прокурор бұрынғы шенеунікке өмір бақи мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салып, қауіпсіздігі орта дәрежедегі колонияға жіберуді өтінді.
"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевті прокурор 8 жылға бас бостандығынан айыруды өтінді.
Тергеу органдарының мәліметінше, бұрынғы вице-министр Шкарупа Сарань қаласының әкімі болып тұрған кезде (2014-2017жж.) орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге "жылу есептегіш аспаптарды сатып алу және орнату үшін" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. Бұған дейін айыпталушылар тағылған айыпты мойындамаған.
Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы көпқабатты үйлерге есептегіш құралдардың қажет болмағанын атап өтті. Айыптау тарабының айтуынша, жылу қазандығының салынбайтыны 2015 жылы белгілі болған.
Прокуратура жәбірленуші ретінде танылған "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының айыпталушылардан 380 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық шағымын толық қанағаттандыруды өтінді.
Бұған дейін Шкарупа сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде азаптауға ұшырағанын айтқан. Ол сонымен бірге қылмыстық іс пен сараптама кезіндегі заңсыздықтарды алға тартып, іс материалдарының "бұрмаланғанын" айтқан. Тергеу органдары мұны терістеген.
Шкарупа бұған қоса, тергеу органдарын – "Конституцияда көрсетілген қорғалу құқығын бұзды", прокуратураны "заңбұзушылық туралы шағымдарға құлақ аспады" деп айыптаған.
Сот процесі 2019 жылы желтоқсан айында басталған. Шкарупа екі жылдан астам уақыт тергеуде болған. 2018 жылы 16 қарашада қамауға алынған, 2020 жылы мамыр айында үйқамаққа жіберілген.