ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов азаматтардың зейнетақы жинағын білім алуға немесе пәтер алуға жұмсауына байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлі күнге дейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде азаматтардың өз зейнетақы жинағын пәтерге немесе білім алуға қалай жұмсайтыны туралы нақты түсінік жоқ. Қазір талқыланып жатқан нұсқа тек белгілі бір сомаға қол жеткізгендерге ғана қатысты. Ерлер 8,2 млн теңге, әйелдер - 10,1 млн теңгеден асатын қаражат жинағанда ғана зейнетақы жинағын қолдана алады. Жалпы БЖЗҚ-да бұл көрсеткішке қол жеткізген 90 мың ғана салымшы бар, бұл 1% да төмен көрсеткіш. Мұндай шешім халықты түңілдіруі мүмкін. Бұл жерде біржақты шешім болмауы керек. Сондықтан, салымшылардың әр санаты үшін жеткіліктілік шегі оның жасына, табысына, ынтымақтық зейнетақыға құқығы, баспанасының болуына қарай әртүрлі есептелуі тиіс», - деді депутат Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы ғылыми-практикалық конференцияда.
Сонымен бірге, депутат Президент Жолдауында маңызды әлеуметтік және экономикалық тапсырмалардың берілгенін атап өтті.
«Әрбір мәселе бойынша халықтың күтері көп. Қазақстандықтар нақты нәтижелердің болғанын қалайды. Тапсырмаларды атқаруда формалды тәсілге бой ұру қоғам наразылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан Үкімет өз жұмысының тиімділігі мен нәтижелі болуына көңіл бөлгені жөн. Үкіметтің қазіргі құрамы Президент берген тапсырмаларды орындай алатынына сенімдімін», - деді Аманжан Жамалов.