Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы артатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметінің көбінесе адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық екенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында 815 қызметкердің қаза тапқаны, 4,5 мыңнан астамы жарақат алғаны туралы дерек келтірді. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіндегі ішкі істер органдарының үлесін бағаламауға болмайды.
"Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемеақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз", – деді Мемлекет басшысы.