Мемлекет басшысы Парламенттің жұмысына қатысты қоғамдағы түрлі пікірталасқа біржола нүкте қойды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президентіміз заңдардың қабылдану тәртібіне қатысты да тың нормалар ұсынды. Олар еліміздің қазіргі дамуындағы үрдістер мен талаптарға толығымен сай келеді. Мұның бәрі – ең жоғарғы өкілді орган жұмысының тиімділігін арттыру үшін жасалып отырған қадамдар. Осылайша, Мемлекет басшысы Парламенттің, оның ішінде Сенаттың жұмысына қатысты қоғамдағы түрлі пікірталасқа біржола нүкте қойды. Парламенттің республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Мемлекет басшысы осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру мәселесін көтерді. Сонымен қатар Жолдауда саяси бәсекелестікті және партиялық жүйені дамыту шаралары туралы айтылды.
«Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты да нақты ұсыныстар сөз болды. Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының жұмысын жандандыратын басымдықтардың да маңызы зор. Президентіміз мәслихаттардың рөлін арттыру, олардың дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамаларды жариялады.
Бұл азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтатыны анық. Мемлекет басшысы әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын жаңғырту ісіне де көңіл бөлінді. Жолдауда дағдарысқа қарсы шараларды әрі қарай белсенді түрде жалғастыру бойынша да нақты тапсырмалар берілді. Осы ретте көтерілген мәселелер қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделгенін ерекше атап өткен жөн», - деді Сенат төрағасы.
«Президентіміз Жолдауда айтылған басымдықтарды орындау үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігін айтты.
Одан бөлек, осы жылдың соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау керек. Яғни, біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Сол себепті алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Заңдарды қабылдау барысында халықтың, азаматтық қоғам өкілдерінің, сарапшылардың пікірлерін ескеру аса маңызды. Президенттің бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті қазір нағыз «бел буып, білек түріп» жұмыс істейтін кезең. Халықтың бізден күтетіні де, талап ететіні де сол», - деді Мәулен Әшімбаев.