Президент Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен үміт артып отыр. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жүзеге асыру жолдарын талқылаған жиында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен үміт артып отыр. Реформалардың кезекті пакетін сіздердің қолдауыңызбен ғана тұрақты әрі қауіпсіз іске асыруға болады. ҚХА жұмыс істейтін саланың күрделі екені баршаға аян. Бұл Ресей-Украина шиеленісінен туындаған геосаяси қиындықтар аясында айқын көрініп жатыр. Қазақстан әрқашан халықтар арасындағы бауырластықты қолдайды. Бұл - біздің ішкі саясатымыздың мызғымас тұғыры», - деді ол.
Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Қазақстан халқы ықтимал сын-қатерлерге жария түрде қарсы тұруы керек екенін атап өтті.
«Тәуелсіздігіміздің тарихында талай рет солай әрекет еткенбіз. Ең бір қиын жағдайларда Қазақстандағы этностар ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін бір шепте тұрып күресе білді. Сонымен бірге ұлтаралық көріністі идеалдандырудың қажеті жоқ. Өткір мәселелерді анықтап, өз құзіретіміз шегінде алдын алу шара қабылдау керек. Бұл істе де архаикалық жүмыс тәсілінен арылып, бюрократиялық бағыттардан, көпсөзділіктен кету керек. Президент әр сөзінде тиімді әрекет ету басым бағыт болуы керектігін айтып, қоғамға ашық болудың үлгісін көрсетіп жүр», - деді Аида Балаева.