Фотоколлаж: Ulysmedia.kz
Польшадан қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі экстрадицияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Польшаның Әділет министрлігі трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында «QI Trade Kazakhstan» қаржы пирамидасын басқарғаны үшін іздеуде жүрген К-ны экстрадициялау туралы Қазақстан Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды.
"Ол 2018-2020 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі бола тұра, азаматтардың ақшалай салымдарын жалған жобаларға тартудың қылмыстық схемасын ұйымдастырып, үлкен пайыздармен төлем жасау елесін қалыптастырған деген күдікке ілінген. Ұйымдасқан топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде зардап шеккен 1345 жәбірленушіге 6,3 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қылмыстарды жасағаннан кейін "К" қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті "К" қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Осы қылмыстарды жасағаны үшін ол 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кету керек, Польша алғаш рет іздеуде жүрген адамды Қазақстанға экстрадициялады, бұл біздің елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде қылмыстық-құқықтық салаға деген сенімнің артқанын көрсетеді.