Еліміздің полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Полицейлер мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің 90 пайыздандан астамы COVID-19-ға қарсы жоспарлы вакцинациядан өтті. Министр Ерлан Тұрғымбаев бастаған ІІМ басшылығы да вакцина алды. Еліміздің бас полицейінің айтуынша, жеке құрамды вакцинациялау осы жылдың 6 наурызынан бастап жүргізілуде және ішкі істер органдарының барлық функционалдық және аумақтық бөлімшелерін, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің ұйымдарын, ішкі әскерлер мен ІІМ оқу орындарын қамтыды», - деді ол Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, полиция қызметкерлері қылмыстарды ашу және тергеу, оқиға орындарын тексеру, тергеу әрекеттерін жүргізу бойынша қызмет атқарады, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ санитарлық бекеттерде қызмет етеді. Бұдан басқа, медицина қызметкерлерімен бірге карантиндік шараларды қамтамасыз етуге қатысады. Сондықтан COVID-19 жұқтыру қаупі бар.