07 ақп, 2022 сағат 21:25

Полиция департаменттерінен ұрланған 1,5 мың қару-жарақтың 967-сі табылды


Қызметкерлер ешқандай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке орай, мемлекеттің және қоғам қауіпсіздігінің мүддесіне қайшы іс-әрекет орын алды. Қызметкерлер ешқандай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен», - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, осының салдарынан бүлікшілер 1,5 мыңнан астам үлкен арсеналға ие болған. 

«Олардың ішінде гранатомет, пулемет, автомат, тапаншалар мен гранаталар бар. Мұның барлығы – аңшылық дүкендерден ұрланған қаруларды есептемегенде. Әзірге 967 дана қару табылды, қалғандарының қайда екені әлі де белгісіз. Полиция оларды іздеуде», - деді Бас прокуратура өкілі.