Алматы облысындағы Талғар ауданының полицейлері сұңқар тектес жыртқыш құсты заңсыз алып жүрген алматылық жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды құс тәркіленіп, Алматы қаласының хайуанаттар бағына табысталған.
«Алматы облысы аумағында жүргізілген «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Талғар ауданының тәртіп сақшылары арнайы рейд жүргізіп, Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны көлігінде өте сирек кездесетін жыртқыш құсты ешқандай рұқсатсыз әкеле жатқанын анықтаған.
Тұқымы жоғалу қаупі төнген құстың сұңқар екені дәлелденіп, ол бірден хайуанаттар бағындағы тиісті мамандардың қолына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде күдіктінің айтқан дәйектері тексерілетін болады. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды«,- деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ерлан Қожақов.