Ақмола облысында жол патрульдік полициясының қызметкерін көлік капотында сүйреген 24 жастағы ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылдың 14 ақпанында сағат 15:00-де Жақсы кентінің маңында, «Екатеринбор-Алматы» автожолының 917 шақырымында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ақмола облысы Полиция депаратаментінің патрульдік полиция батальонының 4-взвод инспекторлары «Chevrolet Aveo» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлік рулінде Жақсы кентінің 24 жастағы тұрғыны болған.
Кейін анықталғандай, ер адам Жақсы аудандық сотының үкімімен алкогольдік және есірткіге масаң күйде рульге отырғаны үшін үш рет көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу және адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіптің алдын алу үшін тәртіп бұзушыны Жақсы ауданының полиция бөлімінің ғимаратына жеткізді.
Полиция қызметкері ер адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады, яғни көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы бойынша. Хаттама жасау барысында «Chevrolet Aveo» маркалы автокөлігі Аршалы ауылының 40 жастағы тұрғынына тиесілі екені анықталды.
Ер адамның бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын, автомобильдің меншік иесі болмағанын және өзімен бірге көлік құралына арналған тіркеу және заңнамада белгіленген өзге де құжаттары жоқ екенін ескере отырып, тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 785, 796 және 797-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының талаптарына сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдады. Көлік құралын басқарудан шеттету хаттамасы жасалды. Одан кейін полицейлер уақытша сақтау үшін арнайы тұраққа орналастыру үшін «Chevrolet Aveo» автокөлігін алу актісін жасай бастайды. Осы кезде қаскүнем полиция бөлімінің ғимаратынан сыртқа жүгіріп шығып, «Chevrolet Aveo» автокөлігінің руліне отырады. Оның артынан ілесе шыққан тәртіп сақшысы тоқтатпақ болады. Ер адам полиция инспекторын қағып, ол капоттың үстіне құлайды.
«Сараптама нәтижелері бойынша оның канабиоидтарды (марихуана) қолданғаны анықталды», - дейді ведомстводан.
Ең қызығы, құқық бұзушы болып жатқанның бәрін ұялы телефонның бейнекамерасына түсірген. Тіпті, өзін ұстау кезінде де түсіруін тоқтатпаған.
«Аталған факті бойынша сот шешімімен 24 жастағы сотталушы Қылмыстық кодекстің 380-бабы (билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану) және Қылмыстық кодекстің 378-бабы (билік өкілін қорлау) бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды», - деп толықтырды ведомстводан.