Қазақстанда полицей мен прокурорға қатысты Integrity Check парасаттылыққа тексеру институты енгізілмек. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, құқық қорғау мен бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлеріне қатысты Integrity Check парасаттылыққа тексеру институтын енгізу көзделіп отыр. Бұл шенеуніктің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін анықтауға бағытталған алдын-алу шарасы, қарапайым құрал.
Оны агенттік, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жеке қауіпсіздік құрылымдары ерекше өндіріс және соттың қатаң санкциясымен жүзеге асырады.
«Парасаттылыққа тексеруден өтпеген, нақтырақ айтқанда материалдық немесе өзге де пайда мен артықшылықтарды алуға келісім берген тұлға қылмыстық қудалаусыз жұмыстан шығарылады. Мұндай тәжірибе Еуропа елдері мен АҚШ-та қолданылады. Агенттік осы құқықтық нормаларды әзірледі және заңнамалық пысықтауға әзір», - деді ол.
Агент төрағасының дерегінше, бұл бастаманы барлық мемлекеттік органдар қолдаған және таяу арада Үкіметтің тиісті қаулысына өзгертулер енгізілетін болады.