Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан Сейтенов онлайн брифинг барысында Мүлік иелерінің бірлестігінің пәтер иелері кооперативінен басты ерекшелігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша,тұрғындар өз үйлерін дербес басқаруға мүмкіндік алады. Қазір ПИК барлық үйлерден ортақ шотқа ақша жинаса, оның қалай жұмсалатынын бақылау қиын. Егер МИБ құрылса тұрғындар қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалай алады.
Сонымен қатар, ПИК бір уақытта көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау бойынша қызметтердің тапсырыс берушісі, әрі орындаушысы болып келді.
«Енді МИБ тапсырыс беруші болады. Бұл тұрғындардың өздері басқарушылармен және сервистік ұйымдармен, коммуналдық қызметтермен шарттарды таңдап, жасасатынын, олардың жұмысын тексеріп, орындалған жұмыстарға өз нысаны бойынша ақы төлейтінін білдіреді», - деді тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Ержан Сейтенов бүгінгі таңда Алматыда 359 МИБ (меншік иелерінің бірлестіктері) тіркелгенін және басқарудың жаңа нысаны ретінде 367 қарапайым серіктестік таңдалғанын, қала бойынша барлығы басқарудың 726 жаңа формасы бар екенін айтты.
Спикер мегаполис тұрғындарын бұл мәселеге бастамашылық танытуға шақырды, себебі басқарудың жаңа жүйесінде артықшылықтар жетерлік.
«Басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді және әрбір үйді басқару бойынша жеке тәсілді қарастырады, үйді күтіп ұстауды қаржыландырады, ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындарға ақшаның түсуі мен оның жұмсалуын бақылау мүмкіндігімен өз үйін ғана күтіп-ұстауға қаражат жинақтауға мүмкіндік береді», - дейді ол.