13 ақп, 2023 сағат 14:25

Петропавлдағы шабуыл: Қазақстанның барлық мектебінде тексеру жүргізіледі

Фото: pkzsk.info

Петропавлдағы шабуылдан кейін Қазақстанның барлық мектебіндегі қауіпсіздік тексеріледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр тапсырмасы бойынша Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылған. Оның құрамына Балалар құқығын қорғау комитеті, Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті, СҚО Білім басқармасының өкілдері кірген.

"Айта кететін жайт, мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі орнатылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - делінген хабарламада.

Бұл ретте облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздікке тексеру жүргізу тапсырылған.

Еске салайық, бүгін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағаны хабарланған болатын.

Оқиға таңертең №4 мектепте болған. Қала әкімдігінің мәліметінше, екі бала балалар ауруханасында жатыр. Үшінші балаға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.