Петропавлдағы коттедждердің бірінде сауық кешін ұйымдастырғандар да, оған қатысқандар да – барлығы 40 шақты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 2.00 шамасында тұрғындар «102»-ге Н оваторная, 4 мекенжайындағы жастардың шуына қатысты қоңырау шалған.
Шақыртуға бірден автопатрульдер аттанып, полицейлер жастардың сауығының үстінен түскен. Спирттік ішімдік ішкен олар шулап, тыныштықты бұзып, көршілердің мазасын алған.
Аумағында моншасы бар жалға берілген екі қабатты коттеджде полицейлер 42 адамды ұстады, олардың 12-сі жасөспірім. Жастардың көпшілігі бұл жиынға «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде жарияланған шақыртумен келген екен.
Жасөспірімдердің барлығы Петропавл қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Олардың ата-аналарына балаларының беймезгіл уақытта жүргені үшін және карантин талаптарын бұзуға қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Ал үш ата-ана 18-ге
толмаған балаларының қоғамдық орында мас болғаны үшін де жауап бермек.
Сауық кешінде болған барлық ересектерге карантин талаптарын бұзуға қатысты әкімшілік материал жиналды. Тағы 14 адамға тыныштықты бұзғаны үшін хаттама толтырылды.
«Коттедж иелері заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жауапқа тартылады. Өз баспанасын осындай той-томалаққа жалға беретіндердің салдарынан олардың көршілері зардап шегеді. Қазір қалалық пабликтерде үйлерін осылайша жалға беретіндер көбейді. Біз оларды тексеретін боламыз. Ал бұл оқиға басқа ата-аналарға сабақ болады деп ойлаймын. Ең алдымен балаларының қауіпсіздігі үшін олардың қайда жүргенін біліп отырулары керек», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.
Екі қабатты үйдің иесі 1972 жылы туған Петропавл тұрғыны. Оған қатысты мемлекеттік кірістер басқармасына тиісті хабарлама жіберілді. Ал жалға берілген коттедждің әкімгері, 1991 жылы туған келіншек мас болған, полицияға жөнді ештеңе айта алмаған. Шу шығарған әрі қарсылық білдірген ол уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Әйел де карантин талабын бұзғаны үшін жауап беретін болады.