22 қаң, 2021 сағат 19:31

Петропавлда 3 жасар қызын өлімші етіп сабаған 22 жастағы келіншек қамауға алынды

Петропавлда 3 жасар қызын есінен танғанша ұрып, миына зақым келтірген 22 жастағы келіншек уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда кішкентай қызының денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікпен қала тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

17 қаңтар күні полицияға облыстық балалар ауруханасына ес-түссіз күйдегі 3 жасар қыздың жеткізілгені жайлы хабар түседі. 

Миына зақым келген бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Сәбиді ұрып-соқты деген күдікпен оның анасы қамауға алынды. 

«Көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Қылмыстық іс аясында қажетті бірқатар сараптама тағайындалды. Күдікті - 22 жастағы келіншек бұрын сотталмаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер анықталып, олардың әрқайсысының іс-әрекеті бағаланады. Қылмыстық істі СҚО полиция департаменті мен прокуратура басшылығы бақылауда ұстап отыр», - дейді баспасөз қызметіндегілер. 

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, келіншек қызын дүниеге әкелісімен қиын материалдық жағдайына байланысты уақытша сәбилер үйіне орналастырған. 

«Әйел қызына жиі келіп тұрды. Бес ай өткесін алып кетті. Туу туралы куәлік негізінде және ата-анасының рұқсатымен сәби әкесінің отбасында тұрды. Ал желтоқсан айында әкесі қызын анасына қайтарып берген. Баланың анасына қатысты сот үкімі шығысымен қамқоршылық және қорғаншылық органдары әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін көтереді» делінген баспасөз хабарламасында.