14 қыр, 2020 сағат 09:56

Петропавл тұрғыны экстремистік мағынадағы материалдарды сақтап, таратып келген

Петропавлда әлеуметтік желі арқылы экстремистік мағынадағы материалдарды сақтап, таратқан деструктивті діни ағымның өкілі жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары заң бұзушыны «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында анықтаған. Ол өз парақшасына елді алауыздыққа шақыратын діни мазмұндағы аудиофайлдар мен фотоматериалдарды жүктеп, таратып келген. 

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жазбалардың авторы анықталды. Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны бұрын сотталмаған. Әйел деструктивті діни ағымдардың бірін ұстанады. 

«Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату» бабы бойынша оған қатысты материал жинастырылды. Тіркелген контент ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетіне дінтану сараптамасына жіберілді. Сарапшылардың қорытындысы бойынша материалдар экстремистік болып табылады және оларды ел аумағында тарату мен сақтауға тыйым салынған.

8 қыркүйек күні Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен заң бұзушы жауапқа тартылды. Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

«Тұрғындардың деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар қатарына қосылып кетуін болдырмау үшін мамандар алдын алу жұмысын жүргізеді. Қазіргі уақытта жаңа ұстанушыларды өз қатарына тарту негізінен мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Ағымға тартушы адам сақтықпен әрекет етеді. Дей тұрғанмен, жыл басынан СҚО аумағында дін саласында 13 құқық бұзушылық анықталды. 8 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қалғандарына дінтану сараптамалары тағайындалды», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.