Петропавлда есірткі саудасын ұйымдастырған ер адам 560 доза марихуана, гашишпен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, еш жерде жұмыс істемейтін 29 жастағы петропавлдық полицейлердің назарына үш ай бұрын іліккен. Жедел уәкілдер жас жігіттің есірткі саудасына қатысы бар-жоғын анықтау үшін жұмыс жүргізді.
24 наурыз күні тәртіп сақшылары жігітті Петропавлдағы пәтерінде ұстады. Онда өсімдік салынған пакет пен орамалар алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған заттар марихуана және гашиш болып шықты. Марихуананың жалпы салмағы 1,5 келі, бұл 350 доза шамасында және 870 грамм гашиш, бұл 218 доза болады. Екеуі де аса ірі көлемге жатады. Бұдан басқа 3 ұялы телефон, ақша, банк карталары алынды.
Сол күні негізгі күдіктіден есірткі сатып алып, қала көшелерінде саудалаған 24-26 жас аралығындағы төрт сыбайласы да ұсталды. Есірткі саудасын ұйымдастырған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Негізгі күдікті есірткі саудасын ұйымдастырғанымен, өзі нашақор емес, өзі татып та көрмепті. Күдіктімен бірге оның сыбайластарын ұстау да маңызды болды. Есірткі сатқаны үшін 20 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы барлығын еске саламыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.