Әлеуметтік желіде "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтың алып ескерткіштің жанында түскен фотосы қызу талқыланып жатыр. Ескерткіштегі бейне Нұрсұлтан Назарбаевтың жас кезіне ұқсайды.
Сонымен қатар желіде бұл ескерткіштің Түркістанда орнатылатыны, Перуашевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа дайындап жатқан сыйы деген де ақпарат тарады.
"Өткен қыста өзім құрметтейтін, атақты мүсінші Тілеуберді Бинашев ақсақалымыз шеберханасына шақырып, дастархан жайып, басқа да туындыларымен бірге бозбала кезіндегі досы Шәмші Қалдаяқовтың мүсінін көрсеткен еді. Сол кезде мүсінші ағамыз жасаған бірнеше жұмысының қасында тұрып, суретке түсуімді өтінген болатын. Қалғанының барлығы – әлдекімнің сандырағы ", - деп жазды Перуашев.
Sputnik Kazakhstan агенттігінің хабарлауынша, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ақпарат орталығы халықаралық конференция кезінде Түркістан облысына Назарбаевқа ескерткіш орнату ұсынылғанын растаған.
"Кеше халықаралық онлайн конференция болды. Жиын ТҮРКСОЙ, ТҮРКПА, Түркі академиясының бірлесуімен өтті. Оны облыс әкімдігі мен университет ұйымдастырды. Ол жерде ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтіп, осы облыста Назарбаевқа арнап ескерткіш қоюды ұсынды", - деді ақпарат орталығығының редакторы Ақерке Исабекова.
Айтуынша, жиынға қатысқандар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Алайда оның қашан іске асатыны әзірге белгісіз.
"Ескерткіштің қандай болатыны әзірге белгісіз. Әлеуметтік желіде Назарбаевтың жас кезі бейнеленген бір фото жарияланып жатыр. Ол әлі белгісіз. Әзірге сөз ғана, ресми түрде қабылданған құжат жоқ", - деді ол.