26 сәу, 2022 сағат 13:21

Павлодарлық 24 млн теңгені құмар ойынға салды – қылмыстық іс қозғалды

© Photo : Pixabay / Shutterbug75

Павлодарда 24 миллион теңгені жымқыру фактісі бойынша тергеу шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ішкі істер органдарына фирма директоры арызданды. Компанияда есеп-қисап кезінде тауарларды ысырап ету фактісі анықталды. Шығын сомасы – 24 миллион теңге. Тергеу кезінде фирманың сауда агенті ұсталды. Ол 2021 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін сеніп тапсырылған темекі өнімдерін ысырап еткен. 26 жастағы жігіт дүкендерден өтініш жинап, тауарды жеткізген. Ал ақшаның бір бөлігін бухгалтерияға тапсырмай, өз қалтасына басып отырған.

"Төрт ай ішінде 24 миллион теңгені жымқырды. Айта кетері, жас жігіт - игроман, ол фирманың барлық ақшасын ойынға салып жіберді", - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Осы қылмыс үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция фирма иелеріне түгендеу мен аудитті жиі жүргізуге кеңес беріп отыр. Тауарлар мен материалдарды сақтау орындарында бейнекамера орнату қажет.

"Талдау көрсеткендей көп жағдайда қылмыстық құқықбұзушылықтың бұл түрін бухгалтер, кассир, қойма меңгерушісі, дүкен сатушысы, экспедитор, сарапшы бағалаушы жасайды. Басшылық ұзақ уақыт бойы қызметкерлерге сеніп аудит жүргізбейді", - деп атап көрсетті тәртіп сақшылары.