05 қыр, 2020 сағат 07:53

Павлодарда смартфон «арқалаған» дрон түрме ішіне келіп қонды

Павлодарда дронның көмегімен түрмеге телефон кіргізбек болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" polisia.kz ресурсына сілтеме жасап.

Кеше түнде Павлодар облысындағы қауіпсіздігі орташа колонияның қызметкерлері ұшқышсыз ұшатын аппаратты тауып алды. Ол колонияның аумағына келіп қонған. Дронға полиэтилен пакет бекітілген екен. Оның ішінде екі ұялы телефон, екі сим-карта және телефонды қуаттайтын аппарат бар еді. 

«Қазақстанның түрме жүйесінде заңсыз зат кіргізген дронды ұстап алу алғаш рет болып отыр. Біз бұған дейін дронның түрме үстімен ұшып өткенін ғана тіркегенбіз. Дронды полицияға бердік, оның иесі мен жүкті беріп жіберген адам анықталып жатыр. Жалпы, биыл түрмеге заңсыз кіргізуге тырысқан 1600 телефон, 24 литр спирттік ішімдік және 7 келіге жуық есірткіні тәркіледік. Оларды көп жағдайда сәлем-сауқаттың ішіне салып жібереді немесе қабырғаның ар жағынан ішке қарай лақтырады. Осындай әрекеті үшін 153 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қалғанына қатысты іс әлі қаралып жатыр», - дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов. 

Айта кетейік, кеше Алматы облысының Заречный ауылында 5 шөлмек алкогольді колония аумағына лақтырмақ болған адам ұсталды. Ол бұрын өзі де сотталған екен.