30 қар, 2020 сағат 08:16

Павлодарда бюджет қаржысына кресло сатып алған қызметкер жазаланды

2020 жылғы 23-27 қараша аралығында «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Ашық бюджет» жобасы шеңберінде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» порталында облыстың мемлекеттік органдарының бюджеттеріне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«Мониторинг нәтижесінде облыс қалаларының бірінің мемлекеттік мекемесі 96 000 теңгеге бір кеңсе креслосын сатып алғаны анықталды. Алайда Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы өкімімен жергілікті атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерді қоса алғанда 3 жыл мерзіміне кеңсе жиһазын сатып алуға тыйым салынды», - дейді жобалық кеңседе. 

Кеңсе жиһазын сатып алу жөніндегі талаптар орталық мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер құрылған жағдайларға қолданылмайды.
Осыған байланысты, мемлекеттік органға кеңсе жиһазын сатып алуға қолданыстағы тыйым салу туралы хабарлама-хат жолданды. Хабарлама-хаттан кейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде заң бұзушылыққа, атап айтқанда, жоғарыда аталған өкімнің талаптарын сақтамағаны үшін жауапты лауазымды тұлғаға сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

2020 жылдың желтоқсан айында жергілікті уәкілетті органмен ауданның лауазымды тұлғаларымен мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау бойынша жалпыға бірдей құқықтық оқыту өткізу және өкім талаптарын қайта жеткізу жоспарлануда.