29 қар, 2021 сағат 16:15

Павлодар облысында әйелін өртеп жіберген тұрғын сотталды


Павлодар аудандық соты айыпталушыны әйелін қасақана өртеп жібергені үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл тамызда болған. Розовка ауылында отбасылық жанжал кезінде ер адам тоңазытқыштан ішімдік алып, әйелінің үстіне шашып, оттықпен өртеп жіберген. Ерлі-зайыпты арасындағы кикілжің әйелі күйеуіне мас күйде көлік жүргізуге тыйым салған соң туындаған. 34 жастағы жәбірленуші жансақтау бөліміне түсіп, кейін қайтыс болды.

"Сотталушы адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды", - деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Оның айтуынша, әйелімен жанжалдасып қалғаннан кейін татуласып, ас үйде салаттар дайындауға кіріскен. Банкаларды зарарсыздандырмау үшін спиртпен сүртуді ұсынып, ол үшін тоңазытқыштан бір бөтелке алкогольді алып, үстелдің үстіне ашық қалдырған. Бөтелке кейінірек құлап, оның және жұбайының үстіне төгілген. Ер адамның айтуынша, кейін ол әйелінен адам қалай жанатынын көргісі келе ме деп сұрап, әзілдеп өзін өртеп жіберген. Қолындағы отты сөндіре бастағанда, ұшқындар еденге түсіп, кейін жалын әйеліне тараған. Ол әйелінің үстіне су құйып, жедел жәрдем шақырған.

Сот айыпталушының берген жауабына күдікпен қарады.

Айта кетейік, жәбірленуші тарап айыпталушыға ең төменгі мерзім беруді талап еткен.

"Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін мойындау, шын жүректен өкіну, тергеуге белсенді көмек көрсету, соттылығының жоқтығы және екі кішкентай баланың болуын ескерді", - деді соттың баспасөз қызмет өкілдері.