Павлодар облысының Аққулы ауданында 19 жастағы мұғалімді зорлаған ауыл тұрғынына сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Прокурор кінәліні 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін жартылай мойындады.
Айыпталушы және оның адвокаты ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Алайда, зардап шеккен қыздың және куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен қылмыс толығымен дәлелденген.
Аққулы ауданының 30 жастағы тұрғынына жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген зорлау фактісі (ҚР ҚК 120-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы) және өлтіремін деп қорқытумен ұштасқан, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша (ҚР ҚК 121-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағы) айыптау үкімі шығарылды.
«Соттың үкімімен оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл – заңмен белгіленген ең ауыр жаза. Жазаны өтеу қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде белгіленді», - деді судья Нұрлан Айтбаев.
Сонымен қатар, ауыл тұрғыны кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге байланысты және педагогикалық лауазымдық қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Бұдан бөлек, мұғалімнің пайдасына моральдық зиян ретінде 2 миллион теңге көлемінде өтемақы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 19 жастағы ауыл мұғалімін зорлау оқиғасы туралы биылғы ақпан айында хабарланған болатын. Көп ұзамай, күдікті қолға түсті. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылған. 2017 және 2018 жылдары Павлодар облысының тергеушілері қылмыстық істерді сотқа жолдаған. Алайда, сот барлық істерді тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтатқан.
Бойжеткен мен ер адам бір-бірін танымаған. Іздеу шаралары барысында күдікті көрші ауылда жасырынған.