Украинаның шығысындағы өзін-өзі "тәуелсіз республика" деп жариялаған Луганск облысының басшысы Леонид Пасечник Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақта Ресейге қосылу туралы референдум өтетінін мәлімдеді.
"Менің ойымша, жақын күндері республика аумағында референдум өтіп, халық өзінің конституциялық құқығын толық пайдаланады. Сондай-ақ, Ресейге қосылу жөніндегі ой-пікірін бөліседі. Осылай боларына кәміл сенем",- дейді Пасечник.
21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин 2014 жылы сепаратистер құрған "Луганск және Донецк республикаларының" тәуелсіздігін мойындаған. 24 ақпанда "халық республикаларын қорғау" деген желеумен Украинаға басып кірген.
Луганск облысының көп бөлігі қазір сепаратистер бақылауында тұр, Рубежное - Северодонецк - Лисичанск агломерациясы үшін шайқас болып жатыр. Сепаратистер Донецк облысының жартысынан сәл асатын бөлігін бақылап отыр, референдум туралы әзірге сөз қозғалмағанына ол да бір себеп болуы мүмкін.
2014 жылы Украинаның Ресей аннексиялап алған Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қаласында Ресейге қосылу жөнінде референдум өткен. Сөйтіп бұл аймақты Ресей қосып алған еді. Әлемнің көптеген елі Ресейдің Қырымды аннексиялағанын құптаған жоқ, ондағы референдум да "Ресей әскерінің ықпалымен өтті" деп есептеді.