18 сәу, 2022 сағат 13:38

Парламент биыл тарай ма – министр жауабы


Әділет министрі Қанат Мусин Парламентті таратуға қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

ОКҚ-дағы брифинг барысында журналистер Мусиннен "Парламент биыл мерзімінен бұрын таратылып, қайта сайлау өте ме" деп сұраған болатын. 

"Парламентті жүйе бойынша сайлау үшін Конституцияға өзгерістер енгізу керек. Конституцияға өзгерістер енгізу 1 маусымға дейін көзделіп отыр. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Парламент туралы, Президент туралы, сайлау туралы конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу керек. Сонда Парламентті сайлау механизмі толық заңды күшінде болады. Бұл заңдарды қабылдау биылдың соңына дейін жоспарланған. Бұл заңдар күшіне енгеннен кейін Парламентті жаңа сайлау нормасымен қайта сайлауға болады", - деп жауап берді министр.

Қанат Мусин заң бойынша қазіргі Мәжілістің мерзімі бес жылға, 2026 жылға дейін екенін еске салды. 

"Оны тарату не қайта сайлау өткізу үшін Мемлекет басшысының шешімі керек. Ертең бола ма, келесі жылы бола ма, жауап бере алмаймын", - деді Мусин. 

Еске салайық, Қазақстанда кейінгі рет Парламент сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өткен болатын.