Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін түрмеге қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аудандық сот баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған сотталушы осы жылдың наурыз-шілде айлары аралығында көлік жолдарын жөндеуге қосымша келісімдер жасасу кезінде ЖШС басшысына көмек көрсетемін деп 1 800 000 теңге пара алған. Сот барысында оның кінәсі куәгерлер сөзімен және жасалған келісім шарт сынды құжаттармен дәлелденді.
«Айыпталушы өз сөзінде кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сот үкімімен ол 3 жыл мерзімге түрмеге қамалды. Сонымен қатар аудан әкімінің бұрынғы орынбасары мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылған», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.