«Отбасылық кеңес беру» грантының арқасында 27 суицидтің алды алынды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Гранттық қолдау азаматтық қоғам институттарын нығайтудың маңызды құралы болып қала береді. Биыл жастарға қолдау көрсетуге бағытталған 2,8 млрд теңгеге 56 гранттық жоба жүзеге асырылды. Әлеуметтік жобалардың тікелей орындаушылары 44 үкіметтік емес ұйым болды. Олар бүкіл ел бойынша 1150 үкіметтік емес ұйымды жұмысқа тартты. Осылайша, біз жастар үкіметтік емес ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын дамытуға және олардың азаматтық бастамаларын кеңейтуге ықпал етеміз», - деді Д.Абаев.
Мәселен, оның дерегінше, «Отбасылық кеңес беру» гранты аясында 9 өңірде ресурстық қолдау әлеуметтік қызметтерінің жұмыстары ұйымдастырылған.
«Олар біріншіден, жүздеген отбасына құжаттарды рәсімдеу және жәрдемақы алу бойынша көмек көрсетті. Екіншіден, 27 суицидтің, үшіншіден, 38 ажырасудың алдын алды. Оған қоса, ажырасқан 29 отбасының қайта қосылуына көмектесті және одан да басқа көптеген жұмыстар атқарды», - деді ол.