05 мам, 2021 сағат 17:04

«Отан қорғау – әр азаматтың парызы» - Бекарыс Абдолданов


Өскемен қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальоны инспекторы, аға лейтенант Бекарыс Абдолданов әскери салада қызмет еткеніне небәрі үш жыл ғана болса да, өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып келеді. Қызмет барысындағы ерекше есте қалған оқиғаның бірін «Ұлт» порталының тілшісіне баяндап берді.


«Жалпы біздің жұмыс уақытқа қарамайды. Тыныштық бұзуға қатысты оқиғаның бірі биыл 8 ақпанда орын алды. Күнделікті қызметке Нұржан есімді әріптесім екеуіміз түскен болатынбыз. Жұмыс атқару барысында 102 каналына Өскемен қаласы, Серікбаев көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйде түн тыныштығы бұзылды деген жедел ақпарат келіп түсті. Біз шұғыл қимылдап, оқиға орнына 2-3 минутта келіп жеттік. Тоғызыншы қабатта екі ер адам ішімдік ішіп, елдің мазасын алардай қатты дауыспен сөйлесіп жатыр екен. Жандарына жетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрған сәтте сол жағында тұрған азамат әріптесімнің мойнына пышақпен жылдам соққы жасады», - деп еске алды Бекарыс.

Полиция қызметкерінің айтуынша, соққы жасаған азамат баспалдақпен төмен түсіп, ізін суытпақ болған. Дегенмен олар қаскөйдің артына  қуып жетіп, тұтқынға алыпты.

«Отан қорғау – әр азаматтың борышы» деп білетін Бекарыс Абдолданов бұл мамандық асқан шыдамдылықты, ерекше төзімділікті талап ететінін де атап өтті.

«Ішкі Істер органында қызмет атқару бала кездегі арманым болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде полиция қызметкерлеріне қызығушылықпен қарайтынмын. Елдің елдігін бақылап, ішкі тәртібін сақтап, полиция қызметкері болу - абыройлы іс. Шығыс Қазақстан сақшыларының абыройын жоғарылатып, отаныма адал қызмет атқару мен үшін үлкен құрмет», - деді ол.