Шығыс Қазақстанда «Центр ОДИ» ЖШС директоры әдейі банкроттық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпорын өзінің банкроттығын жариялаған кезде бұл оның төлем қабілетсіздігін көрсетеді.
Сонымен бірге, кейбір компаниялар одан қосымша материалдық пайда алу үшін өздерін банкрот деп жариялайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті «Центр ОДИ» ЖШС-нің әдейі банкроттық дерегінің жолын кесті.
Іс фигуранты - құрылтайшы және кәсіпорын басшысы Ю.Джексенев кәсіпорын банкрот деп танылғанға дейінгі кезеңде ЖШС-не тиесілі қонақ үй кешенін (кафе бар, сауна) үлестес тұлғалардың меншігіне заңсыз тапсырған.
Осылайша, мемлекет алдында берешегінің бар екендігін біле тұра, ол 105 млн теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарған.
Ю. Джексенев 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.
Сот шешімімен кәсіпорын нысандарына - қонақ үйге, кафе-барға, саунаға, шаруашылық блогы ғимараттарына тыйым салынды.