30 қар, 2021 сағат 15:17

Өскемен тұрғынының 8 млн теңгесін алдап алған «риэлтор» ұсталды



Өскемен қаласының тұрғыны өзін риэлтор ретінде таныстырған алаяққа алданып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына 58 жастағы азамат жүгінген. Оның айтуынша, өзін риэлтор ретінде таныстырған әйел адам пәтер алу үшін алдын ала төлем ретінде 8 млн теңге сұрады. Бұған сенген шаһар тұрғыны сол ақшаны бере салған.

«Алаяқ жәбірленушіге үйді брондауға және қысқа мерзімде мәміле жасасуға қаражат керектігін айтып алдады. Бірақ ақша қолына тигеннен кейін мүлде хабар-ошарсыз кеткен. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 31 жастағы өскемендікті қолға түсірді», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.

Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.