26 шіл, 2016 сағат 14:24

Орыс мектебіне барған балаң қайтып қазақ болмайды

Мен – алыс-жақын шетелдерде 18 жыл жұмыс істеп, сонан кейін Қазақстанға қайта оралған қазақпын. Сондағы айтпағым – біздегі кейбір «мәселелер» туралы.

Шетелде бәрі ашық, бәрі жария істеледі ғой. Мәселен, үйдегі бір баламыз өте қорқақ делік. «Баламыз тым қорқақ…» дейміз де, өзіміз жайбарақат жүре береміз. Ал шетелде әлгі баланы психологқа, дәрігер-ғалымға алып барады. Өйткені, қорқақтық – ауру. Ауыр дерт.

Шетелде жүргенімде осы ше­телдіктердің елгезектігіне талай рет таңғалдым. Егер Жапо­ния­да жапон балалары жапон тілін білмей, өзге тілде сөйлей бастаса (әрине, Жапо­ния бұған ешуақытта жол бер­мейді! Мен мұны тілге тиек ре­тінде алып отырмын), сол күні-ақ бүкіл Жапонияда дабыл қағылады. Бұл не? Бұл қандай құбылыс? Бұл неден шыққан? Жапон баласының жапон тілін білмеуі деген не сұмдық? Мем­лекет қайда қарап отыр? Үкімет ше? Не керек, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін тексеріліп, мемлекет тарапынан тиісті шара қолданылады. Ал бізде ше? От­басын былай қойыңыз, тұтас ауыл, тұтас аудан, тұтас облыс қазақша сөйле­месе де ештеңе демейміз.

Германияда дәл қазір 8 мил­лионға жуық түрік тұрады. Бұлардың дені – қара жұ­мысшы­лар. Бірақ, Германия үкіметі «Бізде 8 миллион түрік тұра­ды ғой, бұларға өз тіліндегі мектеп, газет-журнал, мәдени орталық ашып берейік» деген емес. Деге­ніңіз не, сол 8 миллион түрік тарапынан осындай ұсыныстар болған кезде, оған қатаң тыйым салып, түріктерді ендігәрі аузын ашпайтындай етіп тастайды. Ал енді біз түрлі ұлттардың мәдени орталық­тарын, мектептерін ашып тастадық. Бұл қай мырзасыну?

Шетелде жүргенімде, әсі­ресе, «орыс тілінде жазатын қа­зақ жазушысы» дегенді шетел­дік әріптестеріме түсіндіре алмай-ақ қойдым ғой. Сонан кейін олар мән-жайды сұрайды. Мен түгел айтып шығам. Содан соң олар «Е,е, ондай жазушыны орыс жазушысы» деп атасаңдар да болады ғой. Жазушының ұлтын анықтайтын не? Тілі. Тіл – жазушының қай ұлттан екендігін білдіретін бірден-бір шарт. Кімде-кім қай ұлттың, елдің мәдениетін ойы мен бойына көбірек сіңірсе, ол сол тілде жазады. Орыс тілінде жаза ма, ол – орыс жазушысы. Және де ол сол жазғанымен, аз да болса орыс әдебиетінің, орыс тілінің, орыс мәдениетінің аясын ке­ңейтті. Соған үлес қосты. Демек, ол – орыс жазушысы. Оны «қазақ жазушысы» деп неге өздеріңді өздерің алдайсың­дар?» дейтін. Қазір қарап отырсам, солардікі дұрыс екен.

Ал біз әлі күнге дейін орыс тілін, орыс әдебиетін, орыс мәдениетін, орыс өнерін дамытып жүрген қазақтарды «қазақ жазушысы», «қазақ мәдениет­танушысы» және т.б. деп өзі­міз­ді де, өзгені де алдап жүріппіз.

Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды. Өле-өл­генше орыс тілінің, орыс мәдениетінің мүд­десін көздеп өтетін болады. Біз байғұс ең болмаса осыны да айта алмаймыз ғой. Ал шетелде мұның бәрі ашық, жария айтылады. Біз де осындай ашық­тыққа, жария­лылыққа қашан қол жеткізер екенбіз?

Сағадат СЫРЫМҰЛЫ,

Қызылжар ауданы,

Солтүстік Қазақстан облысы