24 қаз, 2025 сағат 12:24

Баланы телефоннан емес, салқын қатынастан қорғаңыз


Фото: Pinterest.com

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Бүгінгі таңда көп ата-ана үшін оқушы баласының телефонмен көп уақыт өткізуі негізгі уайым болып тұр. Ата-аналарды баланың телефонға тәуелділігі, сабақ үлгерімінің төмендеуі мен ашушаңдық белең алуы алаңдатады. Жасөспірімдердің миы лайк, қаралым, хабарлама секілді дофаминдерге, өзгелермен өзін салыстыруға келгенде өте сезімтал болуынан психикасына салмақ түсуі мүмкін.

Белгісіз адамдармен жақын араласуы да үлкен қауіп. Ата-аналардың алаңдауы орынды. Бірақ баланы смартфонсыз қалдыру шешім емес. Бұл әдіс тек агрессия, қарсылық тудыруы мүмкін. Себебі, бала телефонмен ғаламторда отыру арқылы өз достарымен, қатарластарымен, жаңа тапқан достарымен араласу арқылы өзін өзекті, маңызды сезіне алады. Тіпті ешкімге көп ашылмайтын интроверт бала да әлеуметтік желі арқылы өзін еркін, бақытты сезінуі мүмкін. Сондықтан әр балаға өз тәсілі қажет болады.

Телефон қанша қолданса да білімқұмарлығы, зейіні кемімейтін, өз уақытын басқара алатын, бөтен адамдардың манипуляциясын тани алатын жасөспірімдер бар. Оларды қатты шектеудің қажеті жоқ.

Сабаққа ықыласы төмен балаға да қатаң тыйым салу емес, өзімен ақылдаса отырып мәселені тиімді шешу жолын іздеген абзал. Мәселен үй тапсырмасын орындарда, тамақ ішкен кезде, ұйықтар алдында қолданбауды баламен екеуара келісуге болады. Бұл жерде ең бастысы ‒ бала мен ата-ана арасындағы жылы қатынас.

Ата-анасының жылуына тойып жүрген бала сырттан ғаламтор арқылы келген дофаминге, хейтке, буллингке де иммунитеті мықты болады. Ата-анасына сене алатын бала телефоннан көрген, оқығанын бірге отырып талқылайды. Ата-анасы түрлі тақырыпты баламен алдын ала талқылап, қаруланған бала әлеуметтік желідегі түрлі қауіпті тани алады. 

Пайым

Технология сағат сайын дамып, өсіп отырған уақытта баланың заман ағымына сай цифрлық сауатты болып өсуі маңызды. Баланың қолында телефон жүруі оның өмірінің бір бөлшегі. Тек  әр балаға оны  қолданудың өз мөлшері болуы тиіс.  Алайда қай балаға да ортақ негізгі қажеттілік ‒ ата-анасының махаббаты мен жылулығы, достық қатынасы. Ол бар жерде ‒ сенім бар. Ал сенім бар жерде бақылау да қажет болмайды.