Фото: Pinterest. com
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Бүгінде әр екінші қазақ әлеуметтік желіде белсенді. Бір жақсысы әлеуметтік желі арқасында адамдар бар жаңалықты өте тез, уақылы біліп отырады. Жаңалық тақырыбына сай қоғамдық пікір реакциясы да билікке тез жетіп жүр. Пайдалы ақпарат, білім көзін іздеген жастарға да үлкен мүмкіндік ашылды. Өзі іздеген, ұмтылған бағытына қарай жан-жақты, толассыз білім, ілім кеңістігі ашылды. Әлеуметтік желінің арқасында түрлі өнер, кәсіп иелеріне өз өнімдерін жарнамалау, сату алаңы да оңай табылды. Жалғыз адам көзқарасына, қызығушылықтарына сәйкес досын, ортасын тапты.
Жақсымен бірге жаманның да қатар жүретіні бар. Сол секілді әлеуметтік желіні белсенді пайдалану нәтижесінде халықта үлкен қажу, шаршау байқала бастады. Өз өмірін басқамен салыстырып күйзелу, жарнамалық манипуляциялардың кесірінен өзін кем, әлсіз, төмен сезіну, белгілі бір пікірі үшін басы дауға қалу бар. Әлеуметтік желідегі жаман жаңалықтар мен міншіл орта жасайтын негативті фонның әсерінен жай қолданушының өзін қараптан-қарап шаршаңқы сезінуі қалыпты күйге айналды. Біздің әлеуметтік желімізде де белгілі бір мәселені талқылау белсенділігі жоғары. Сөз көп...
Ұлттық код және әлеуметтік шындықтың көрінісі
Біріншіден, әуелден айтыс арқылы еркін пікір білдіріп, би-шешендер арқылы дау шешіп, сөзге тоқтап әділдік орнатқан халықпыз. Сол себепті бүгінде әлеуметтік желідегі белсенділігіміз ұлттық мәдени кодтың жалғасы, көрінісі деп қарастыруға болатын шығар.
Екіншіден, әлемдік статистикаға мән берсек, әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен елдерде ғаламтордағы белсенділік жоғары болады екен. Мәселен Филиппины, Индонезия, Үндістан, Бразилия елдері әлемжеліде өте белсенді мемлекеттер.
Елдегі жемқорлық, кедейліктің нәтижесі ‒ күйзеліс, агрессия. Оның салдары ‒ уытты пікірлер. Билік тарапынан азаматтық дауыс еркіндігін шектеу, әділетсіз сот шешімі ‒ халыққа тұсау. Тұсауланған халық еркін сөз, еркін әрекет және эмоционалдық босаңсу мүмкіндігін тағы әлеуметтік желі алаңынан көреді. Сол себепті жағдайы төмен елде қызу пікірталас пен толассыз наразылық туындауы мүмкін.
Пайым
Халқымыздың әлеуметтік желідегі белсенділігі өте жоғары. Елдегі көп мәселе әлеуметтік желідегі шу, дау арқылы резонанс тудырып, қоғамдық қысым арқылы шешілуінің өзі ‒ біраз нәрседен хабар береді. Алайда, "жүйелі сын бар, жүйесіз мін бар" демекші, көптің сынына да сыни көзқарас қажет. Бір жақты пікірдің құрбаны емессіз бе? Соны ажырату маңызды. Әлеуметтік желіні саналы тұтыну ‒ көппен бірге эмоция, манипуляция жетегінде кету емес, хаостың ішінде өзіміздің жеке пікір, ұстаным, сезімімізге адал болу арқылы көрініс табады.
Динара Болат
