30 там, 2024 сағат 15:22

"Ортада бала бар": Жанқош Тұраровтың тағы бір қызды зорлағаны туралы ақпарат тарады


Боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты тың деректер пайда болды. Жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызының қорғаушысы Ләззат Ахатова іс бойынша шиеленіскен жайттар өте көп екенін мәлімдеді. Бұл туралы заңгер әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.

Ахатованың айтуынша, Әнару сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған. Шын мәнінде жәбірленуші бұған дейін боксшының үстінен екі рет полицияға шағымданған екен. 

"Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай, жіберген. Қамап, босатып жіберген. Куә болған құрбысы бар. Қажет болса, тергеуге де, сотқа да барып, куәлік ете аламын деп отыр. Бұл бір.
Екінші рет, 2023 жылы жәбірленуші Тұраровқа қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, енді жайына қалдырмаса, үстінен арыз жазатынын айтқан. Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, машинаға салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соғып, электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып кеткен. Қайта арызданамыз", – делінген заңгер жазбасында. 


Сондай-ақ заңгер Жанқош Тұраровтың адвокатының "арыз жазуға жәбірленуші мас боп келіп, киімін жыртып, бейәдеп қылықтар көрсетті" деген сөздеріне қатысты да мәлімдеме жасады.

"Сол күні арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай – боксердың әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің перепискасы бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, "сен ба, Жанқоштың үстінен арыз жазбақ боп жатқан шалава?" деп, провокация жасап, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдастырылған нәрсе деп топшылаймын", – делінген жазбада. 



Адвокат Ләззат Ахатова Жанқош Тұраровтың 2014 жылы тағы бір қызды зорлағаны туралы ақпарат жариялады. Заңгердің айтуынша, бұл туралы зорланған қыздың өзі хабарласып, айтып берген. 

"Жанқош Тұраров 2014 жылы тағы бір қызды дәл Әнару сияқты алдап, қонақүйге апарып, дәрі беріп, зорлаған екен. Ол қыздың боксердан бір қызы бар боп шықты. Бұл жағдай Тұраров үйленбей тұрғанда болған. Келіншектің өзі шықты бізге. Барлық жағдайын айтып, Әнаруға қолдау білдірді. Бұдан бөлек, 2006 жылғы бір қызды да дәл осы әдіспен құрығына түсірген деген мәлімет жетті. Тек қыздың кім екенін әзірге анықтай алмадық", – делінген жазбада.


Еске салсақ, бұған дейін Әнару Құрманәлі есімді азаматша танымал боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арызданған болатын.