08 қыр, 2022 сағат 13:10

Өрт Қазақстандағы егін жинау науқанына әсер етті ме - АШМ жауабы


Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев дала өртінің Қазақстандағы егін жинау науқанына әсері туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, өрт елдегі егін жинау науқанына әсер еткен жоқ.

"Қостанай облысындағы өрт кезінде, бүлінген егін болса, ол - аз мөлшерде. Біз қазір комиссияның соңғы қорытындысын күтіп отырмыз. Бұл (өрт - еск.) азық-түлік қауіпсіздігіне ешқандай әсер етпейді. Бүгінгі жағдай бойынша, Қостанай облысында да, жалпы Қазақстан бойынша да барлық аумақтың 60 пайызға жуығы орылып бітті, егер жердегіні айтсақ, ол - 11,5 миллион, оның 9 миллион тоннасы бидай. Сондықтан, егін орылып жатыр, шығын жоқ", - деді министр Сенатта журналистер сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, Қостанай облысында бірнеше күн бойы орман өртенді. Өрт бірнеше ауылда жүзге жуық үйді шарпыды және зақымдады. 1800-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілген. 12 адам зардап шеккен. 1935 жылы туған ер адам қайтыс болды. Облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.