Оралда жастар топ болып төбелесіп, оқ тиген біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға кеше кешкісін М.Шолохов көшесі бойындағы «Венойл» жанар-жағар май құю стансасы аумағында орын алды.
Кеше сағат 22.10-да хабарлама түскен бойда оқиға орнына таяу маңдағы полиция тобы дереу жіберілді.
Жедел іздестіру шаралары барысында төбелеске жиырма шақты адамның қатысқаны анықталды.
Оқиғаға қатысы бар жастар ұсталып, оларды уақытша оқшаулау изоляторына қамау мәселесі шешілуде. Қалған екеуі іздестірілуде.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдемге сағат 22.40-та қоңырау шалынған.
Оқ жарақатын алған 24 жастағы ер адам облыстық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Осында оның іш қуысына ота жасалды. Жігіттің көптеген ішкі органдары: бауыры, талағы, тоқ және тік ішегі, кеуде тұсы зақымданып, қабырғалары сынғаны белгілі болды. Қазір емделуші жансақтау бөлімінде жатыр.