Оралда жасөспірім қызға зорлық-зомбылық дерегіне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал қалалық Полиция басқармасы бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Нұрлан Қожахметов брифингіде атап өткендей, қыздың анасының арызы бойынша 8 қазан күні ҚР ҚК 121-бабы 3-1-бөлігіне (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Оның айтуынша, қылмыстық іс кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты болғандықтан, сондай-ақ ҚР Қылмыстық жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді.
«Мұндай сипаттағы қылмыстар департамент бастығының, сондай-ақ министрліктің ерекше бақылауында. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалып, зерделенеді. Соның ішінде жасөспірім қызға және күдіктіге қатысты сот-психиатриялық сараптамалар тағайындалатын болады. Барлық тергеу амалдары мен сараптамалардың қорытындысына сәйкес қылмыстық іс бойынша шешім қабылданады», - деді Н.Қожахметов.
Оның сөзіне қарағанда, бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 17 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады.