Оралда төтенше жағдай талабын бұзған тұрғындар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 9 қаңтар күні шамамен сағат 23.15-те Зачаган кенті Жәңгір хан көшесінде болды.
«Москвичи» жанар-жағар май құю стансасы жанында ресейлік тіркеудегі «Гранта» автокөлігі тоқтатылды.
Онда отырған 1998, 1999 жылғы төрт жас жігіт Қызылорда қаласынан келгендігін түсіндірді. Олар Теректі ауданы Подстепный ауылындағы блокпосты кесіп өте алмағандықтан, қалаға саяжай алқабы арқылы кірген. Жастардың тәртібі күдікті болды әрі машинадан алкогольдың исі шығып тұрды.
Медициналық тексеру жүргізушінің марихуананы қолданғанын растады. Сонымен қатар автокөліктен 2 асүй пышағы, өзіне тән исі бар жасыл түсті ұнтақ салынған қорап, 4 ұялы телефон табылды.
Алынған заттар сараптамаға жіберіледі. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Оған қоса жүргізуші мен жолаушылар төтенше жағдай талабын бұзғаны үшін 476-бапқа сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Тағы бір оқиға 10 қаңтар күні сағат 00.03 шамасында К.Меңдәлиев көшесінде болды. Полиция қызметкерлері 1993 жылғы екі тұрғынды ұстады. Өздерімен бірге жеке куәліктеі болмаған олардан 5,45 калибрлі әскери оқ-дәрі және пышақ тәркіленді. Ұсталған тұрғынның сөзіне қарағанда, оқ-дәріні көшеден тауып алған. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес трамадолды қолдану салдарынан ол есірткіге елтіген күйінде болған.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне (оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Екінші тұрғынға қатысты төтенше жағдай талабын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.