07 қыр, 2020 сағат 12:58

Оралда полицияға пара бермек болған шетелдік азамат ұсталды

Оралда полицияға пара бермек болған шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 3 қыркүйек күні Н.Назарбаев даңғылы мен М.Ықсанов көшесінің қиылысында болды.

«Скания» жүк көлігінің жүргізушісі, Беларусь елінің 1976 жылғы азаматы тыйым салынған белгіге қарамастан, қалаға кірген.

Шетелдік азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 601-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапкершіліктен құтылу үшін «Шкода Октавия» автокөлігінің ішінде патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция капитанына 15 АҚШ доллары көлемінде пара ұсынған.

Сол күні осындай оқиға Атырау-Орал жолының 126-шақырымында, Ақжайық ауданы Чапаев ауылы тұсында тіркелді.

Жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін тоқтатылған 1992 жылғы атыраулық азамат полиция қызметкеріне 2 мың теңге пара ұсынған.

Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 367-бабы 1-бөліміне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.